Иманбай мен Мұхтаров сайлау нәтижесін мойындамады

Сайлау әділетсіз өтті


20/03/2023
18:36 20135 0

Мәжіліс және мәслихат депутаттығына кандидат болған Инга Иманбай мен Равкат Мұхтаров сайлауды мойындамайтындарын айтты. Олардың сөзінше, дауыс беру кезінде заң бұзушылық, бұрмалау болған. 

 

– Басты мәлімдемеміз – біз бұл сайлаудың қорытындысын мойындамаймыз, сайлауды қайта өткізуді талап етеміз. Күні бойы түрлі заңбұзушылық болды. Урнаны жапты, үкімет бюджет қызметкерлерінен өзі таңдаған адамдарға дауыс беруді сұрап, фотоесеп жіберткізіп жатты. Ең сорақысы – дауыс санау кезінде басталды. Менің бақылаушыларымды дауыс санауға қатыстырмас үшін шығарып тастап отырды, полиция шақырды, қорқытты, – деді Иманбай.

 

Оның айтуынша, тәуелсіз бақылаушы қыздар қысымнан жылаған. 

 

– Тәуелсіз кандидаттардың дауысын ұрлағаны сондай, бақылаушы жас қыздарды жылауға дейін жеткізді. Тәуелсіз бақылаушылар менің айтқан сөзімді растай алады... Түнгі сағат 5:30-да менің сенімді өкілім Табысбек Рахат комиссия төрайымын «маған хаттама бер» деп артынан қуып жүр. Комиссия бюллетень толы мешокпен қашты. Соңғы отыз жылда біз әділ сайлау көрмедік, ол рас. Бірақ бұл жолы бассыздық мүлде шектен шықты, – деді ол. 

 

Инга Иманбайдың сөзінше, бүкіл әкімшілік ресурс мәжіліс депутаттығына кандидат Ермұрат Бапиге жұмыс істеген. 

 

– Билік сайлауда маған қарсы, Ермұрат Бапидің пайдасына жұмыс істеді. Бұған бізде дәлел жеткілікті. Ереке, сіздің депутат атануға моральдық құқығыңыз жоқ. Егер сіз сайлау нәтижесін мойындайтын болсаңыз, онда мен сізді арыңызды депутат креслосына ауыстырды деп есептеймін. Иә, мүмкін, сізде депутат креслосы болатын шығар. Бірақ ар-ұят жоқ, – деді Иманбай. 

 

Равкат Мұхтаров та сайлау нәтижесін мойындамайтынын, сотқа жүгінетінін мәлімдеді. Оның сөзінше, дауыс беру кезінде заң бұзушылықтар өте көп болған. 

 

– Мен бұл сайлаудың қорытындысын заңды деп танымайтынымды айтқым келеді. Бізде заң бұзушылықтар көп болғаны туралы дәлелдер бар. Біз сотқа жүгінетін боламыз. Қазір қолымызда бар 17 хаттамаға сараптама жасадық. Сайлушылардың келуі өте төмен болды. Сайлау туралы айтқанда адамдар туралы айту керек. Кеше біздің адамдарымыздың әділетсіздікке ұшырағаны өте өкінішті. Олардың жылауға дейін жеткізгендері өкінішті. Маған және біздің адамдарымызға қысым жасады, қорқытты. Біз бұның барлығын құжатқа түсіреміз, – деді ол. 

 

Мұхтаров дауыс ұрлаған мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметкерлер балаларының болашағы алдында жауап береді деді. 

 

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы 19 наурызда өтті. Тәуелсіз кандидаттар мен бақылаушылар дауыс беру және санау кезінде заң бұзушылықтар болғанын айтуда. Олардың сөзінше, бақылаушыларды учаскеден шығарып жіберу, хаттама бермеу сияқты қысымдар жасалған. Кейбір жағдайларда полиция күш көрсеткен. Әлеуметтік желілерде заңсыздықтар бейнеленген видео роликтер де көптеп тараған. 

Поделиться

Нет комментариев.

20/03/2023 18:36
20135 0

Уведомление